«Күншуақ» мектеп жанындағы лагерінде балаларға ерекше көңіл күй сыйлаған жарқын әрі қызықты Шығармашылық күні өтті. Бұл күні тәрбиеленушілер түрлі шығармашылық іс-шараларға қатысып, өздерінің қиялын, шығармашылық қабілеттерін және өнерге деген қызығушылықтарын көрсетті.
Балалардың ерекше қызығушылығын құммен сурет салу жұмысы тудырды. Олар түрлі түсті құмды пайдалана отырып, әсем бейнелер жасап, түстер мен пішіндерді үйлестіре білді. Бұл жұмыс түрі балалардың ұсақ қол моторикасын дамытып қана қоймай, олардың эмоцияларын шығармашылық арқылы жеткізуіне мүмкіндік берді. Әрбір жұмыс ерекше мазмұнға ие болып, балалардың шексіз қиялын айқын көрсетті.
Сонымен қатар, лагерь тәрбиеленушілері арт-терапия және жіппен сурет салу шеберлік сағаттарына белсене қатысты. Балалар сурет салудың дәстүрден тыс тәсілдерімен танысып, өздерін нағыз суретші ретінде сезінді. Шығармашылық жұмыс барысында олар әсемдікті көре білуге, ұқыптылыққа, төзімділікке және түрлі материалдармен жұмыс жасау дағдыларына машықтанды. Достық пен шығармашылыққа толы орта балалардың көтеріңкі көңіл күйде болуына ықпал етті.
Шығармашылық күні аясында тәрбиеленушілер Жер күніне арналған әсем ашықхаттар да дайындады. Өз жұмыстарында балалар табиғатқа деген сүйіспеншіліктерін, қоршаған ортаға жанашыр көзқарастарын білдіріп, Жер-ананы қорғаудың маңыздылығын көрсетті. Әрбір ашықхат туған табиғатты аялауға және қоршаған ортаны қорғауға үндейтін ерекше туындыға айналды.
«Күншуақ» лагеріндегі Шығармашылық күні мазмұнды, қызықты әрі танымдық деңгейде өтті. Балалар жаңа білім мен тәжірибе жинақтап қана қоймай, өз қабілеттерін шыңдап, бос уақыттарын пайдалы әрі көңілді өткізді. Осындай іс-шаралар жазғы демалыстың әсерлі, тартымды және есте қаларлықтай өтуіне үлкен үлес қосады.
